Қарағандыда соңғы бес жылда 30 сауда орталығы өртенген

974

Қарағандыда соңғы бес жылда 30 сауда орталығы өртенген

Қарағанды облысында 2013-2018 жылдар аралығында 30 ірі сауда нысандары мен көңіл көтеру кешендерінде өрт оқиғалары тіркелген. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі күні Қарағанды облысы аумағында адам көп шоғырланатын 171 ірі сауда орны бар. Мұндай орындарда жылына бір мәрте өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізіледі. Соңғы бес жылда 145 сауда орындары мен көңіл көтеру кешендері тексеруден өткен.

"Осы тексерулердің нәтижесі бойынша 49 нысанда 258 өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылғаны анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 50 адам тартылған, соның ішінде үшеуіне ескерту жасалған, 944 767 теңге көлемінде 47 айыппұл салынған",- деп мәлімдеді Қарағанды облысының ТЖД өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу, бақылау басқармасының бастығы Бауыржан Бадылбаев.

2018 жылы төтенше жағдайлар саласының мамандары қауіптілігі басым болуы мүмкін деп болжанған 102 сауда нысанына тексеру жүргізуді жоспарлауда. Ал қалған 69 нысан бойынша тексеру жоспарланбаған. Өйткені оның ішінде 27 нысан аудит тексерісінен жақсы нәтиже алған, 26 сауда орны 2017 жылдағы тексеріс нәтижесіне орай тексеруден босатылған. Ал қалған 16 сауда орындары тіркелуіне үш жыл толмағандықтан тексеруге жатпайды.

Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Қарағандыдағы ірі сауда орталықтарының басшыларымен кездесіп, өрт қауіпсіздігі жөнінде жиналыс өткізді.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекованың айтуынша, Кемероводағы қайғылы жағдайдан кейін сауда орталықтарының кейбір қожайындары өрт қауіпсіздігіне қатысты өз нысандарын тексеруге өтініш білдірген. Осындай өтініштер бойынша сауда орындары назарға алынып, тексеруден жуық арада өтетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу