Қарағандыда субсидияға көңілдері толмаған автопарк автобустарын жолға шығармады

779

Автобус күткен жұрт шулай бастаған соң, Қарағанды билігі олармен келіссөз жүргізуге кірісті.  

Қарағандыда субсидияға көңілдері толмаған автопарк автобустарын жолға шығармады

Қарағанды қаласында бюджеттен алатын субсидияны азсынған автопарк басшылары қалааралық бірнеше бағыттағы автобустарды уақытша тоқтатып тастады.

Атап айтқанда, бүгін №3 автопарктің Қарағанды-Теміртау, Қарағанды-Саран, Қарағанды-Абай және Қарағандыдан Шахан, Топар, Егіндібұлақ бағыттарына қатынайтын автобустары тоқтап қалған болатын. Автопарк басшылары бұл наразылықтарын субсидияның аз бөлінетімен түсіндірген. Биылғы жылы автопарктерге жолаушы тасымалдау маршруттарына 950 млн теңге қаражат бөлінген.

Алайда автопарктердің айтуынша олардың шығыны 4 млрд теңгені құрап отыр.

Бір ғана №3 автопарктің өзі  2,5 млрд теңге қажет деп отыр. "Темірді қызған кезде соқ" дегендей жолаушыны шулатып, автобустарын шығармай есептерін түгендей қалған автопарктерге билік субсидия үшін қосымша қаражат табуға уәде берген.

Осыдан кейін райынан қайтқан автопарк басшылары қалааралық автобустарды қайтадан жолға шығарды. Қарағанды билігі субсидия көбейту мәселесі келесі жылы қарастырылатынын айтып отыр. Алайда осы жылы автопарктерге қанша қосымша ақша берілетіні жөнінде мәлімет айтылған жоқ.

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу