Қарағандыда Қопа өзеніне ағып кеткен ағалы-інілі жігіттердің мәйіті табылды, деп хабарлайды baq.kz.
2 сәуір күні атпен мал іздеуге шығып, Қопа өзеніне ағып кеткен екі жігіттің бірінің денесі 6 сәуір күні табылған. Екіншісінің мәйіті бүгін таңертең табылды. Қарағанды облысы төтенше жағдайлар депаратаментінің хабарлауынша, жігіттердің мәйіті оқиға орнынан 2-2,5 шақырым қашықтықтан табылған.
"Бұл оқиға 2 cәуірде Қарқаралы ауданы Жарлы ауылына жақын жерде болды. Нүркен Әбдіров ауылында 1977 және 1980 жылы туған ағайындылар өз бетімен Қопа өзенін кесіп өтпек болып, суға ағып кеткен. Олардың мәйіті оқиға орнынан 2-2,5 шақырым қашықтықтан табылды. Жігіттерді судың қатты ағыны алып кеткен. Мәйіттер жердің мұзын жарғаннан кейін табылды", – дейді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Муталлапов.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 2 сәуір күні болған еді. Мал қарауға шыққан екі жігіт Қопа өзенін атпен кесіп өтпек болып, суға ағып кеткен. Бұл Қарағандыда биыл көктемде болған екінші жағдай. 31 наурыз күні Қарқаралы ауданында ішінде 9 адам болған УАЗ автокөлігі суға құлап, салдарынан 3 адам қаза болды.