Қарағандыда тәулігіне 2 мың ПТР-тест жасайтын зертхана ашылды

785

Заманауи жабдықпен қамтылған жаңа зертхана жылына 800 мың зерттеу жасай алады.

Қарағандыда тәулігіне 2 мың ПТР-тест жасайтын зертхана ашылды

Қарағандыда КВИ-дің ықтимал екінші толқынына дайындық аясында тәулігіне 2 мың ПТР-тест жасай алатын, автоматтандырылған зертхана ашылды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа зертхананың жұмысымен танысты.

"КВИ ықтимал екінші толқынына дайындық жүріп жатқандықтан, қазір ПТР-тестілеу көлемін арттыру өте маңызды. Облыстағы жаңа зертхананың жұмысын ескерсек, тәулігіне 10 мың тест жүргізуге мүмкіндік бар", – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұл әлеуметтік зертхана, бағасы да қол жетімді. Заманауи жабдықпен қамтылған жаңа зертхана жылына 800 мың зерттеу жасай алады.

Сондай-ақ коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық аясында Қарағанды облысына үш жылжымалы медициналық кешен келді. ЖМК кілті Абай, Осакаров және Жаңаарқа ауданындағы орталық ауруханалардың басшыларына табысталды.

"Аймақта КВИ-дің екінші толқынына әзірлік жүруде. Қосымша төсек-орын ашылды. Ал жылжымалы кешендер шалғай елді мекендердегі тұрғындардың дер кезінде емделуіне мүмкіндік береді", – деді Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев.

Мобильді диагностикалық кешен түрлі зерттеу жасайды. ЖМК ауылдарды аралап скрининг, профилактикалық тексеру жүргізеді, жұртқа қажетті медициналық көмек көрсете алады.

Арнайы автомобильде цифрлық жабдықтармен қамтылған жеті кабинет бар: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы практика дәрігері, зертханалық бөлім, акушер-гинеколог, функционалдық және сәулелік диагностика кабинеттері, дәріхана пункті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу