Қарағанды облысында жағдай тұрақты болғанмен төтенше жағдай режимін бұзғандар анықталуда. Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап полиция бөлімдеріне бірнеше адам жеткізіліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы, яғни "Төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша 447 құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде 31 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында 17 тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде 9 тегіс ұңғылы мылтық бар. Сонымен қатар есірткі заттарын сақтаудың 6 фактісі анықталды. Төтенше жағдай кезеңінде тіркеуден өткен қарудың өзін тасымалдауға және алып жүруге тыйым салынған.
Бақылау бекетінен өтпек болған, Қазақстан Республикасындағы тіркеу мерзімі өтіп кеткен 30 жастағы Өзбекстан азаматы ұсталды. Сондай-ақ өткен жылдың 24 желтоқсанынан бері із-түзсіз жоғалған деп саналған 30 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны бекеттен өту барысында анықталды.
Арайлым Еркебаева