Қарағандыда түн ішінде су басқан аумақтан тұрғындар мектепке эвакуацияланды

859

Қарағанды қаласындағы Оңтүстік Шығыс ауданының шеткі аумақтарын су алып жатыр.

Қарағандыда түн ішінде су басқан аумақтан тұрғындар мектепке эвакуацияланды

5 сәуірде түнгі сағат 22.00 шамасында Әлихан Бөкейхан ауданындағы Жұмыскерлер елді мекеніндегі топырақ үйінділері қойылған екі жерді су жырып өткен. Осының салдарынан 8 үйдің ауласына су жайылып,тұрғын үйлерді су алу қаупі туындаған. Төтенше жағдайлар қызметі мен әкімшілік мамандары 40 адамды 56-мектепке эвакуциялаған. Сонымен қатар 20 бас малды қауіпсіз жерлерге шығарған.

5 сәуір күні кешке қарай Оңтүстік Шығыс ауданының Университет көшесіндегі үш қабатты үш үйдің тұрғындары да эвакуцияланды. Бұл маңайды су көбірек басқандықтан аталмыш үйлерде тоқтың тұйықталуы орын алуы мүмкін дейді мамандар. Сол себепті үш қабатты үш үйдегі 36 пәтердің тұрғындары қауіпсіз жерге кеткен. Олардың басым бөлігі туған-туыстарына кетсе, 15 адам қонақ үйге орналасқан.

Айта кету керек, Қарағанды қаласындағы Оңтүстік Шығыс ауданына соңғы бірер күнде еріген қар суы басып кіріп тұрғындарды әбігерге салды. Қаланың құдықтары мен су ағарлары бірден еріген қар суына толып кетіп, бірнеше үй аулаларымен жертөлелерді су басты. 5 сәуірдегі ақпарат бойынша бір тәулікте 50 үйді су басқан. Су басып қалған үйлер саны көбейіп келеді. Дегенмен әкімшілік алғашқыда ағынды су ие бермеген Тәттімбет көшесіндегі жағдайдың қазір тұрақталғанын айтады. Дегенмен мұнда жертөлесін су басқан үйлер өте көп. Оңтүстік Шығыс ауданының екі мектебінде сол маңайды су алып қалғандықтан 6 сәуір күні сабақ қашықтықтан оқытуға көшірілді. Қарағандыда қызыл сумен күресу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу