2017 жылы Қарағандының кейбір аудандарының келбеті өзгереді. Бос орындарға көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Олардың кейбірі арендалық болса, кейбірі жас отбасыларға арналған бағдарлама бойынша беріледі, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
1128 отбасы "Панель-Орталық" шағын ауданындағы жалпы ауданы 59 шаршы метрді құрайтын 3 үйге қоныстандырылады. Осы шағын ауданда 24 қабатты тұрғын үй салынады. Оның жанынан тағы да 6 тұрғын үй бой көтереді.
"Шапағат" шағын ауданында №3-4 және №8-11 блок секцияларының құрылысы аяқталуға жақын. Онда "Бесоба" құлағаннан кейін баспанасыз қалғандар қоныстанады. Мұнымен қоса тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы басталды. Нәтижесінде 288 пәтер пайдалануға беріледі.
Биыл арендалық баспана қоры үшін 14-ші шағын ауданда бес қабатты тұрғын үй тұрғызылмақ. Жоспар бойынша онда 60 пәтер болады. Кейін осы алаңда тағы да үш тұрғын үй салынады. Шенеуніктер "Күнгей" шағын ауданында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 562 учаске бөлді.
Белинский көшесіндегі құрылысы аяқталмаған тұрғын үйге билік баса назар аударып отыр. Баспананың құрылысы Өңірлерді дамыту-2020 бағдарламасының "жас отбасы" бағыты бойынша жүргізілуде.
Құрылысты аяқтау үшін 400 миллион теңге қажет. Тұрғын үй құрылысын қалалық бюджеттен қаржыландыру үшін оны коммуналдық баспанаға айналдыру жоспарланған.