Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында уланған тағы екі бала ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Еңбек министрлігіне қарасты еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жоспардан тыс шұғыл тексеру жүргізу мақсатында Қарағанды облысына барды.
Комиссия құрамына Қарағанды облысының бас мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторы да кірді.
Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кіреді (қарттарға арналған үйлер, мүгедектігі бар азаматтарға арналған үйлер, оңалту орталықтары, күндізгі болу орталықтары және т.б.).
Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда әлеуметтік қызметкерді жұмыстан уақытша шеттете алады.
Естеріңізге сала кетейік, 30-31 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алып жатқан 12 мүгедектігі бар бала Қарағанды қаласының көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды.
Оның ішінде 2009 жылы туған бала қайтыс болды.
1 тамызда медициналық көмек көрсету үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан тағы 2 бала келіп түсті.
Осылайша, қазіргі уақытта ауруханада 13 мүгедектігі бар бала ем қабылдап жатыр.
Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жоғарыда аталған 13 баладан басқа тағы 147 мүгедектігі бар бала тұрады.
Сондай-ақ 42 бала күндізгі қызметтерді алады.