Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға тағзым ету үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, әскери қызметшілер, билік өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тұрғындар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сондай-ақ, облыс басшысы ардагерлерді үйлеріне барып, Жеңіс күнімен құттықтады.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары 98 жастағы Павел Оленченко мен Мария Шинкевич соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Павел Оленченко Саратов облысында дүниеге келген. 1943 жылы соғысқа шақырылған. Ол 48-ші ауыр миномет бригадасының құрамында байланыс қызметшісі ретінде шайқасты. Берлинді алу үшін шайқастарға қатысқан. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Берлинді алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталған.
Бұқар Жырау ауданы Ростовка ауылының тумасы Мария Шинкевич 19 жасында әскери қызметке шақырылған. Ол әйелдерге арналған мергендер мектебінде оқыды. Үшінші Беларусь және бірінші Украин майдандарында соғысқан. Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Прагада қарсы алды. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Кеңес Одағының Маршалы Г. К. Жуков", "Украинаны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталған.
– Жеңіс күні – бұл үлкен мереке, сонымен бірге қайғыға толы күн. Бүгін біз бейбіт және тыныш елде өмір сүріп жатқанымыз сіздердің еңбектеріңіз. Біз сіздердің ерліктеріңізді әрдайым есте сақтаймыз және оны жастарға айтып отырамыз. Сіздерге мықты денсаулық және ұзақ, ұзақ өмір тілеймін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Мереке күні ардагерлерлі оркестр ұжымы да қуантты – қарттар тұратын үйлердің кіреберістерінің жанында музыканттар соғыс жылдарындағы әндерді орындады.