Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 08:50-де Қарағандыда 14-шағынауданындағы автостанция маңында болды.
"Audi" автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі автостанцияға қарай жүріп келе жатып, жолды белгіленбеген жерден өтпек болған жаяу жүргіншілерді – анасы мен екі баланы қағып кетті.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 24 жастағы әйел мен оның 3 және 5 жасар балалары медициналық мекемеге жеткізілді", – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Дәрігерлердің айтуынша, ана мен бір баласының жағдайы ауыр.
"Бір бала мен әйел №1 көпбейінді ауруханаға, өте ауыр және ауыр жағдайда реанимацияға жатқызылды. Екінші бала Мақажанов клиникасында тексеріліп, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жіберілді. Жағдайы орташа", – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Аталған факті полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.