Еңбек мигранттарына жұмысқа орналасу үшін 075/Е нысанындағы 700-ден астам жалған медициналық анықтама беру фактілері анықталды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қарағанды облыстық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жекелеген жағдайларда жалған анықтамалар деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдарға берілген. Соның ішінде, соңғылар кейіннен анықталып, ел аумағынан шығарылды.
Айта кету керек, медициналық орталықта медициналық тексеруден өтуді растайтын құжаттама, сондай-ақ, оны жүргізуге қажетті жағдайлар болмаған.
Сонымен қатар, медициналық ұйымның заңсыз қызметі азаматтарымыздың қоғамдық денсаулығына қауіп төндірген.
Осыған байланысты, Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті медициналық ұйымның кінәлі тұлғаларына қатысты әкімшілік шаралар қабылдады. Сондай-ақ, ұйымның қызметін тоқтата тұру туралы нұсқама енгізілді.
Аталған факті бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі таңда, тергеу жұмыстары жүргізілуде.