Қарағанды қаласында темір контейнерлерінің бірінен 1 желтоқсаннан бері хабарсыз кеткен 38 жастағы тұрғынның мәйіті табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үйінен шығып, қайта оралмаған әйел адамға бірнеше күн бойы еріктілер мен полиция іздеу салған еді.
Жақындарының айтуынша, сол күні келіншекте өзімен бірге 5 миллион теңге болған.
Туыстары келіншек алаяқтардың арбауына түсті дейді. Өйткені ол бір қаржылық жүйеге ақша салып, аз уақыт ішінде пайызымен қайтарып алып тұрған. Бірнеше рет пайдаға кенелген соң, табысын арттырмақ болған ол туыстарынан 5 миллион теңге қарыз алған. Алайда қомақты қаражатты апарып берген адамы оны буындырып өлтірген. Мәйітті қаланың шеткі ауданына таксимен жеткізіп, темір жәшікке тастапты.
Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан марқұмның соңында екі баласы қалды. Күдікті ұсталған.
"Жедел іздестіру шаралары барысында 36 жастағы күдікті ұсталды, ол кінәсін мойындады. Бүгінгі таңда Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша іс тіркелді, соның аясында оқиғаның мән-жайы анықталады", – деп атап өтті Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Жаңатай Сембеков.