Қарағандыда жүрекке ота жасаудың жаңа әдісі енгізіліп жатыр

318

Алғашқы төрт операция тәжірибелі мамандармен бірлесіп жасалды.  

Қарағандыда жүрекке ота жасаудың жаңа әдісі енгізіліп жатыр Фото: gov.kz

Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасында аз инвазивті коронарлық шунттау әдісі енгізіле бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа технология пациенттердің операциядан кейін тезірек оңалуына мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде осы әдіспен алғашқы төрт операция жасалды. Ота барысында Қарағанды мамандары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының кардиохирургтарымен бірлесіп жұмыс істеген.

Классикалық коронарлық шунттау кезінде науқастың кеуде қуысы толық ашылады. Ал жаңа әдісте қабырғалардың арасынан шамамен жеті сантиметрлік шағын тілік жасалып, операция жүрек соғысын тоқтатпай жүргізіледі.

– Біз кеуде қуысының бүйір тұсынан ұзындығы шамамен жеті сантиметр болатын тілік жасап, операцияны жүрек соғысын тоқтатпай жүргіземіз. Бұл хирургиялық жарақатты азайтып, пациенттің оңалуын жеделдетеді. Операциядан кейін науқастар ауруханада шамамен үш күн болады, содан соң күнделікті өміріне орала алады, – деді Қарағанды қаласының №2 көпбейінді ауруханасы кардиохирургия бөлімінің дәрігері Тамерлан Мұқажанов.

Маманның айтуынша, бұл әдісті артық салмағы бар пациенттерге де қолдануға болады.

Қарағандылық кардиохирургтар жаңа технологияны кезең-кезеңімен меңгеріп жатыр. Оқытудың алғашқы кезеңі Астанада өткен, қазір біліктілікті арттыру жұмыстары Қарағандыда жалғасуда. Дәрігерлер операцияларды тәжірибелі мамандармен бірге жасап, әдісті іс жүзінде үйреніп жатыр.

– Қарағандыдағы әріптестерімізде қажетті жабдық та, тиісті дайындық та бар. Қазір оқытудың екінші кезеңі тікелей осында өтіп жатыр. Оны аяқтағаннан кейін, жоспарымызға сәйкес, дәрігерлер мұндай операцияларды өздігінен орындауға мүмкіндік алады, – деді Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Әлібек Тойбаев.

Жаңа әдістің енгізілуі өңірдегі кардиохирургиялық көмектің мүмкіндігін кеңейтіп, тұрғындарға заманауи операциялардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу