22-ші наурыз күні Қарағандыда "Көктемгі керуен" мерекелік шеруіне тазы ертіп, бүркіт ұстаған саятшылар қатысады. Шерудің маршруты Бұқар жырау – Чкалов – Жауынгер-интернационалистер көшелері бойымен өтеді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Шеру орталық саябақта аяқталып, сол жерде Наурыз мейрамын тойлау басталады. Онда көптеген спорттық шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Ол үшін станционарлы сахнада арнайы алаң ұйымдастырылады.
22-ші наурызда 11.30-да басты сахнада қазақ күресі, кикбоксинг, қол жекпе-жегі, каратэ, дзюдо, самбо және семсерлесу бойынша көрсетілімдер өтеді. Сахнаның оң жағындағы алаңдарда ұлттық ойындар бойынша сайыстар ұйымдастырылады. Атқа отырған жігіттер "аударыспақ" және көкпар ойнының "Серке көтеру" элементтерін көрсетеді. "Street Workout" федерациясының спортшылары спорт құралдарымен жасайтын ерекше өнер көрсететін болады.
Орталық саябақтың сахнасының жанында экспозициялық киіз үй орнатылады, оның кіреберісінде қыран құстары бар бүркітшілер мен тазы иттер орналасады.
Мерекенің жарқын сәттерінің бірі "Ашамай" ұлттық дәстүрінің өткізілуі болмақ. Қазіргі күндері ол әдет-ғұрып соншалықты танымал емес, алайда ұл баланың жігітке айналуының нағыз белігісі болып саналады. Себебі қазақ батырлары аттың құлағында ойнап, өздерінің шеберліктерін көрсете білген.
13.00-ден бастап барлық ниет білдірушілер гір спорты, армреслинг, кермеде тартылу, "Арқан тарту", "Тоғызқұмалақ", "Ләңгі" және "Асық ату" сайыстарына қатыса алады. Үздік ойыншыларға сыйлықтар әзірленуде.
Мерекенің шарықтау шегі тірі қойды мойынға мінгізіп, жүрелеп отырып-тұру сайысы болады. Жеңімпаз қойды өзімен алып кетеді.
Мерекелік шаралар 23, 24, 25-ші наурызда да жалғасады. Бұл күндері 13.00-ден бастап саябақтың орталық алаңында "Асық ату", "Арқан тарту" сайыстары, "Ләңгі" ұлттық ойыны, гір спорты, "Көңілді мәре" және дартс бойынша жарыстар өтеді.
Спорт пен белсенді өмірді сүйетін Қарағандының барлық тұрғындары мен қала қонақтарын мерекелік спорттық шараларға қатысуға шақырады. Отбасыларыңызбен, достарыңызбен және қонақтармен бірге келіңіздер.