Қарағандыдағы жүйе құрушы 4 кәсіпорын биылғы жылы технологияларын жаңартуға 140 млрд теңге салды. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Қарағанды облысында осы жылдың соңғы 10 ай қорытындысы бойынша өнеркәсіптегі өсім 4,1%-ды құрап отыр. Салынған инвестициялар 258 млрд теңгені құрап, 3,8%-ға ұлғайды", - дейді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар әкім технологиялық жаңғыру облыстың даму трендінің бірі болғанын атап өтті.
"Биылғы жылы бүкіл ел, оның ішінде Қарағанды облысы да ауқымды жаңғыруға кірісті. Біздегі жүйе құрушы 4 кәсіпорынның өзі биылғы жылы технологиясын жаңартуға 140 млрд теңге салып жатыр", - дейді ол.
"АрселорМиттал Теміртау" жыл соңына дейін 4,2 млн тонна болат шығару қуаттылығына шығып, өндірісті 9%-ға ұлғайтуды жоспарлап отырған көрінеді.
Әкімнің айтуынша Қазақмыс та өндірістерін жаңғырту үстінде. Компания гидрометаллургия технологиясын енгізіп жатыр. Биылғы жылы Қазақмыс 320 мың тонна мыс өндіріп, 2016-шы жылмен салыстырғанда 6%-ға өсіммен шығуды көздеп отыр.
"ШұбаркөлКөмір" АҚ тау-кен көлігі кешенін басқаратын Ақылды карьер жүйесін енгізіп жатыр. Кәсіпорын өнім өндіруді жылына 11 млн тоннаға дейін ұлғайтып, көмірді терең өңдеумен айналысуды бастап жатыр", - деп қосты аймақ басшысы.
Айта кетсек, Республика экономикасындағы Қарағанды облысының үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Аймақ еліміз бойынша негізгі минералды шикізатты өндіру және оның қоры бойынша алдыңғы шепте тұр. Көмір қоры 9 млрд тоннадан асады, мыс рудасы – 3 млрд тоннадан астам, марганец – 60 млн тоннадан жоғары, мырыш рудасының қоры – 400 млн тонна.