ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апатқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілші министрден "Ферроқорытпа зауытында зардап шеккен жұмыскерлер неге жедел жәрдем көлігімен жеткізілмеді?" деп сұрады.
"Бүгінде апат салдарынан зардап шеккендер бар. Сол уақытта жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қолда бар көлікпен оларды ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетілді", - деді министр.
Сөзінше, министрлік жедел жәрдем көлігіне қатысты талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Жалпы егер оқиға орнына жедел жәрдем көлігі барған жағдайда бірінші кезекте зардап шеккендерге шокқа қарсы терапия жүргізілетін еді, бірақ жедел жәрдем көлігін күтпей жұмыскерлерді (ауруханаға) тез жеткізу туралы шешім қабылданды. Бұл форс-мажор жағдай. Медициналық ұйым аясында тиісті шаралар қабылданды. Сол себептен бұл мәжбүрлі шара болатын", - деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылғанын айтты.