Бүгін Қарағанды облысындағы көмір шахтасындағы өрт кезінде зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған 8 адамның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі облыстың денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
"Мақажанов атындағы клиникаға 8 шахтер жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, есін біледі, алайда, жағдайлары ауыр десе болады. 6 адам токсикология бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, бүгін, 17 тамыз күні сағат 10:05-те "Қазақстан" шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Апатты жою жоспары енгізіліп, шахтаны желдету жүргізілді.
Оқиға орнына "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі" республикалық орталық штабының (15 маманы мен 5 техникасы) және Төтенше жағдайлар департаментінің (8 маманы мен 2 техникасы) 3 бөлімшесі барды.