22 желтоқсанда сағат 11.00-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы бір қатар мектептерде жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастаған. Жарылғыш зат туралы хабарламалар мектептердің электрондық поштасына түскен.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің жедел кезекшісімен мектептерге барлық жедел қызметтер жұмылдырылды.
Ол жерлерді тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Қарағанды қаласында 12 мектептен оқушылар мен ұстаздар қауіпсіз жерге шығарылған.
"Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полция қызметкерлерімен хабарламаны жіберген адамды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (бүгінгі күні – 14,5 млн.теңге) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген" - деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Таңертеңнен бері дүйім жұртты әуре-сарсаңға түсірген күдікті іздестіріліп жатыр.
Еске сала кетсек, осыдан екі апта бұрын Теміртау қаласының 12 жасар тұрғыны мектепке барғысы келмей, білім ордасында жарылғыш зат бар деп хабарлап жіберген еді.