Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділовтің айтуынша, агенттіктің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері мұнай өнімдерін тиісті құжаттарсыз заңсыз иемдену, сақтау және өткізу фактісінің жолын кесті.
Сергей Шмидт есімді тұрғын өз үйінің аумағындағы гаражда мұнай өнімдерін сақтау және өткізу үшін үш цистернаны пайдаланғаны анықталды. Оның тиісті құжаттары болмаған.
"2021 жылы ол дизель отынын тасымалдауға және өткізуге заңдылығын растайтын құжаттарсыз әрқайсысының көлемі 1000 литр болатын екі цистернаны жүк-жолаушы типті көлікке орнатқан. Осылайша, "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу" туралы Заңының талаптарын бұзған. Яяғни мұнай өнімдерін олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз сатып алу, сақтау және өткізуді іске асырған", – деді Әлібек Әбділов.
Сот үкімімен С.Шмид қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындай отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен тінту кезінде табылып, тәркіленген 2000 литр дизель отыны мемлекет пайдасына өтті.
Ғалия Әділ