Қарағандылық келіншек Сирияда қалған бауырларын елге қайтара алмай жүр

1129

Аға-жеңгесі Ауғанстан-Пәкістан шекарасында қаза болған, олардың жетім қалған екі баласы белгісіз себептермен Сирия аумағына өтіп кеткен.

Қарағандылық келіншек Сирияда қалған бауырларын елге қайтара алмай жүр

Қарағанды тұрғыны Ғанибет Тәжмағанбетова жат жерде қаза тапқан ағасынан қалған екі баланы елге жеткізу үшін құзырлы орындардан көмек сұрайды.

Ғанибет Тәжмағанбетованың аға-жеңгесі осыдан алты жыл бұрын Мысырға оқуға кеткен күйі елге оралмаған. Ерлі-зайыптылар шет елге аттанғанда өздерімен бірге екі жасар қызы мен 7 айлық ұлын  алып кетіпті. Қарағандылық келіншек соңғы рет аға-жеңгесімен телефон арқылы 2013 жылы сөйлесіпті.

Соңғы жылдары Ғанибет Тәжмағанбетоваға құзырлы орындар аға-жеңгесінің Ауғанстан-Пәкістан шекарасында қаза болғандығы жайында қаралы хабарды жеткізген. Ағасының жетім қалған екі баласы белгісіз себептермен Сирия аумағына өтіп кеткен. Сол жерде қазақстандықтардың бірі балаларды асырап алған көрінеді. Ғанибет Тәжмағанбетованың айтуынша, олар өздері интернет желісі арқылы хабарласып, бауырларының аман екенін жеткізген.

"Сирияда тұрып жатқан қазақстандық әйел Орал қаласындағы анасына менің бауырларым жайында хабар айтқан. Қазіргі уақытта мен сол бауырларыммен интернет арқылы сөйлесіп отырмын, олар қазір қоршауда отырған көрінеді. Балаларды бауырына басқан Айдана есімді әйел интернет болған кезде шығып, амандықтарын білдіріп отырады. Ағамнан қалған ұрпақтар ғой, сәбилердің еш жазығы жоқ, өз еліне аман-есен оралса деп тілеймін", – дейді Ғанибет Тәжмағанбетова.

Соғыс өрті тұтанып тұрған аймақтан бауырларын аман есен алып шығуды армандаған Ғанибет Тәжмағанбетова құзырлы орындар көмек қолын созса деп тілейді. Ол  көмек сұрап жақын күндері Астанаға да барып қайтқан.

"Астанада Сирия үкіметімен жұмыс жүргізіп отырған дипломаттарға жолықтым, бармаған жерім қалмады.Тіпті Қызыл крест ұйымына дейін бардым. Мамандар мәселе қаралып жатыр деп жауап қатты. Енді сол жұмыстардың нәтижесі жаңа жылға қарай белгілі болады, үмітім бар", – деп мәлімдеді Ғанибет Тәжмағанбетова.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу