Қарағандылық оқушылар Ресейде өткен робототехника бойынша халықаралық чемпионатта үш алтын және бір қола медаль алды, деп хабарлайды өңірдің баспасөз қызметі.
"Янтарный Робот" чемпионаты Калининград қаласында "Ресейдің цифрлық болашағы" инженерлік-техникалық шығармашылық фестивалі шеңберінде өтті. Оған Қазақстан мен Ресейден жиналған бес мыңнан астам оқушы қатысты.
Қарағанды облысынан чемпионатқа 10-нан 15 жасқа дейінгі 7 оқушы қатысты. Олардың арасында №38 мектеп-гимназиясының оқушылары және "RoboClub" робототехника мектебінің тәрбиеленушілері болды.
Олар екі санат бойынша бақ сынасты: "Сумо" және "Робофутбол". Роботтар сумосы – "Лего" бөлшектерінен құрастырылған екі робот бірі екіншісін белгіленген шеңберден ығыстырып тастайтындай бағдарламаланатын пән. "Робофутболда" екі роботтан құралған екі команда өзара сайысады. Олар допты теуіп, белгілі бір уақытта барынша көп гол салуға тиіс.
Нәтижесінде "Робофутбол" номинациясында бірінші орынды жұптасып сайысқан Давид Шуралев пен Станислав Боне, Даниил Пинигин және Евгений Лукьянов, сондай-ақ Илья Поветин мен Даниил Муллеровтың тобы иеленді. Құраманың ең жас мүшесі, 10 жасар Андрей Машкин "Сумо" номинациясында қола медаль иеленді.
"Янтарный робот" чемпионаты Калининградта екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Қарағандылықтар оған алғаш рет қатысып отыр.