Қарағанды қаласында медициналық бетперде тапшылығы айқын сезілуде. Жұрт 20 теңгеден 150 теңгеге көтерілген медициналық бетперденің өзін таппай сабылып жатыр. Шамамен жарты ай бұрын жергілікті билік "Қарағандының "Мерей" МФ ЖШС тәулігіне 40 мың өнім дайындап шығарады" деп жар салған еді. Сондай-ақ, аталған фирманың өнімдері өткен аптада әлеуметтік дәріханаларға жеткізіліп, 40 теңгеден сатылған. Алайда жұрт медициналық бетперделерді сол мезетте талап әкетті. Енді облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісім жасауының нәтижесінде "Биосфера" дәріхана желісі медициналық бетпердені 140 теңгеден сатып алып, жұртқа сол бағасымен саудалауда.
Мәселен 17 наурызда облысқа 250 мың медициналық бетперде жеткізілген. Алайда азаматтар әлеуметтік желіде "қымбат бағаның өзіне медициналық бетперде таппай жүрміз" деп шағымданып жатыр. Ал күніне 40 мың өнім шығарады деген фирма тәулігіне екі мың дана медициналық бетперде шығаруда. Өйткені бетпердеге қолмен резеңке жіпті тағу, өнім өндіру деңгейін төмендетіп жіберген. Енді бірер күнде медициналық бетпердеге резеңке тағылмаған тауарлар дәріханаларға түседі.
"Әлеуметтік дәріханаларға жібі тігілмеген медициналық бетперде түседі. Оған жіп тігіп алу қиын болмайды деп ойлаймын, осының арқасында біз масканы өндіруді күніне 40 мың данаға дейін жеткіземіз. Яғни, осы қарқынмен жұмыс жасасақ , аптасына үш жүз масканы дәріханаларға жеткізе аламыз, сонда тапшылық туындамайды", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Халықпен тікелей жұмыс атқаратын денсаулық сақтау, полиция қызметі сынды тағы да басқа мекеме мамандарын аурудан қорғау үшін Қарағанды облысы әкімшілігінің резервінен 700 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінде Қарағандыда карантинде 47 адам бар, ал 52 адам үй карантинінде отыр.
Арайлым Еркебаева