Жәрдем ретінде тез бұзылмайтын тамақ өнімдері, гигиена құралдары, жылы заттар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және т.б. қабылданады, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тілек білдірушілер Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 4 мекенжайына немесе өз қалалары мен аудандарындағы Amanat партиясының филиалдарына гуманитарлық көмек әкелулеріне болады.
– Біз таңғы сағат 9-да пункттер аштық, ал 10-да алғашқы көмек келіп түсті. Армян диаспорасының өкілдері арнайы құрылған шотқа миллион теңге аударды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Amanat партиясының белсендісі Меруеш Башай зардап шеккен қостанайлықтарға киім алып беруге 500 мың теңге берді, – дейді "Жастар рухы" Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов.
Акцияға жедел түрде көптеген партия мүшелері, кәсіпкерлер мен өңір тұрғындары қосылды.
"Жастар рухы" жастар қанатының еріктілері қатарынан топ құрылды.
30-ға жуық адам азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алумен айналысуда.
5 қыркүйекте барлық өңірлерден жиналған көмек Қарағандыға жеткізіледі. Заттар Amanat партиясының облыстық филиалында Әлиханов көшесі, 4 мекен-жайы бойынша сұрыпталады. Содан кейін көмек жүк көліктеріне тиеліп, Қостанай облысына жіберіледі.
– Бізге еріктілер, әсіресе ер адамдар керек. Сағат 17:00-де келіп түскен гуманитарлық көмекті бөлшектей бастаймыз. Келіңіздер, игі іске ат салысыңыздар, – деді Ержан Хамитов қарағандылықтарға.
Толық ақпаратты, керекті телефон нөмірлерін gov.kz сілтеме арқылы өтіп, білуге болады.