Қарағанды облысында мемлекеттік органдардың барлық қызметтік көліктеріне транспортты жеке мақсатта пайдаланбау керектігін білдіретін белгілер жапсырылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Бұл жапсырмалар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында енгізілеуде.
"Бірінші тамызға дейін жергілікті атқарушы органдардың барлық қызметтік көліктерінде арнайы белгі қойылуы тиіс. Бұл қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланатындармен күресуге жәрдемдеседі", - деп хабарлады Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.
Жапсырмалар жүргізуші мен жолаушы жағындағы алдыңғы есіктерге жапсырылуы тиіс. Олар кез-келген ауа райында зақымданбайтын материалдардан жасалған.
Айта кетейік, мемлекеттік органдардың қызметтік көліктеріне мұндай белгі тек Қарағанды облысында ғана пайда болады.