29 маусымда кешкі уақытта "Кедр" моншасында тұтанған тілсіз жау талай қарағандылықтың өміріне қауіп төндірді. Өрт сөндіру қызметі келгенше моншаға келген тұрғындардың басым бөлігі жалынның ортасынан өздері шыққан. Құтқарушылар оттың ортасында қалып қойған бес адамды құтқару қалпағымен сыртқа алып шыққан. Ал сол күні моншада болған полиция лейтенанты Шерхан Төлеухан мен оның досы Жантөлеу Егінбай өрт кезінде бірінші қабатта қалған заттары мен құжаттарына жүгірген. Сол кезде олар бұрышта жалғыз қалған баланы көріпті.
"Есіктен шығатын тұс лапылдап жанып жатты, әрі төбеден оттың қалдықтары түсіп тұрды. Әзер дегенде шығатын есікті тауып алдым. Жантөлеу су орамалды баланың басына жауып оны сол жерден алып шықтық. Өрттің жалыны қатты болды", – дейді Шерхан Төлеухан.
Олар сыртқа шыққан соң баланың ата-анасын іздепті. Баланың әкесі табылған соң ол екі жігіттен балаға қарай тұруларын өтініп, өзі қызы мен әйелін іздейтінін айтқан. Бүгінде моншадағы өртте қалып қойып әзер аман қалған баланың ата-анасы қарағандылық жігіттерге алғысын білдірген. Қазіргі уақытта баланың денсаулығы жақсы. Ал Төтенше жағдайлар департаменті баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкері мен оның досын марапаттауды жоспарлап отыр.
Арайлым Еркебаева