Қарағандыны жылыта алмаған Бөлекбаев кешірім сұрады

1012

Қарағанды қаласында жылу энергия орталығы үйлерді жылытуға қауқарсыз болып тұр.

Қарағандыны жылыта алмаған Бөлекбаев кешірім сұрады

Сарыарқаның сақылдаған сары аязы арқа жұртын әлекке салып тұр. Аяз күшейген соңғы екі-үш күнде жұрттың арыз-шағымы көбейген. Жылу маусымы басталар алдында қыстың қаһарына толық дайынбыз деп ант су ішетін қызмет көрсетуші монополис бастапқыда өздеріне шаң жуытпады. Олар жылудың әдеттегі температурамен жұртқа жеткізіліп отырғанын айтты.

Алайда қала тұрғындары пәтерлерінде дірдек қағып отыр, Рысқұлов көшесінің тұрғындары үйлерінде тіпті суық судың қатып қалғанын айтып зар қағуда.

"Бізге үйге келген жылу 62 градустан асып тұр бұл көрсеткіш 80-90 ды құрауға тиіс. Үйден емес, бізге жылу дұрыс келмей тұр, оны келген мамандар да өлшеп көрді. Сонда біз не істейміз, жылудың бағасы қымбат, аз ақша төлеп отырған жоқпыз. Қадағалайтын адам бола ма өзі?", – деп қынжылады Рысқұлов көшесінің тұрғыны Тұрсын Жұмабай.

Соңғы күндері әкімшілікке Қарағанды қаласының Оңтүстік Шығыс ауданының кейбір көшелерінен, Октябрь ауданы мен Сұрыптау станциясынан үйлерінде жылудың мардымсыз екенін айтқан тұрғындардың шағымы толассыз түскен.

Қарағандылықтардың басым бөлігі жаурап отырған соң Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұрттан кешірім сұрады. Бір анығы жылу беретін монополис арқаның қысына толық дайын болмай шықты. Жылу құбырларының жаз айында жылу ұстап тұратын материалдармен қапталмауының өзі жағдайды ушықтыра түскен.

"Жылу энерг станциясында жыл басынан бері турбогенератордың жұмысына қатысты үш рет құрылғының бұзылуы орын алған , бұл өз кезегінде жылу берудің қарқынын 90 градусқа дейін төмендеткен, бүгінде бұл градус 109-ға көтерілді. Жылудың әлсіз болуына тағы бір себеп ол жылу құбырларында жылу изоляциясының болмауы.Бүгінде барлық коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті , жақында үйлеріңізде жылу болады",– деп мәлімдеді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Фейсбуктағы парақшасында.

Айта кетер бір жайт, үйінде тоңып отырған тұрғындар қызмет көрсетушіге өтініш берсе, жылу ақысын қайта есептеуі мүмкін.

Әлеуметтік желіге Абай ауданының тұрғындары жалаңаш қалған жылу құбырын қыста орап жатқан жұмыскерлердің суретін салып, үйлерінде қатты суық екенін жазады. Ал Ақтас қаласында орталықтанған жылуға енбей қалған шеткі көшелердегі көп қабатты үйлер от жағып әзер күнелтіп отыр. Жақында осындай көп қабатты үйдің біреуінің мұржасынан өрт шығып пәтердің бір бөлмесі отқа оранған. Абырой болғанда тұрғындар өздері өртті сөндіріп алған.

Еске сала кетсек, жарты ай бұрын осындай пеш жағып отырған екі қабатты үй өртеніп кетіп, алты отбасы баспанасыз қалған еді. Қыс бойы жылуға жарымайтын Ақтастықтар осылай үреймен күн кешуде. Теміртау халқы да қыс басталғалы пәтерлерінде "дірдек қағып" отырғандарына шағымданады. Осылайша жаңа жылдағы арқаның қысы айқай шумен басталды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу