Қарағандыда бос тұрған ғимарат опырылып түсіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан 15 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Оқиға 29 шілде күні сағат 15:45 шамасында Қазыбек би ауданындағы Ерубаев көшесінде орналасқан төрт қабатты бос тұрған ғимаратта болды. Нысан – бұрынғы АТФ банкінің ғимараты.
– Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың шатырындағы ағаш қаңқасы, үшінші қабаттан бірінші қабатқа дейінгі аралықтағы төбе жабындылары, сыртқы қабырға мен баспалдақ маршы құлаған. Опырылып түскен аумақтың жалпы ауданы шамамен 150 шаршы метрді құрайды. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ғимарат ішінен 15 адамды – жөндеу бригадасының қызметкерлерін эвакуациялады. Жедел жүргізілген тексеру нәтижесінде үйінді астында қалған адамдардың жоқтығы анықталды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.