Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты негізгі тасжолдарда қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2025 жылғы 30 желтоқсанда Қарағанды облысында ауа райының нашарлауы барлық бағыттағы жолдардың жабылуына әкелді. Ауа температурасы төмендеп, қарлы жаңбыр мен көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар сегіз, облыстық маңызы бар үш жол учаскесінде барлық көлік үшін қозғалыс шектелді.
– Қазіргі таңда Теміртау қаласынан Қарағандыға және кері бағытта автоколонналарды қауіпсіз сүйемелдеу ұйымдастырылып отыр. Жолда шамамен 500 автокөлік бар. Сонымен қатар, Теміртаудан Қарағандыға қайтып келе жатқан 300 көлікті де сүйемелдеп жеткіземіз, – деп хабарлады Қарағанды облысы патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Полиция жүргізушілерге ауа райы күрт нашарлаған жағдайда жолдағы қауіпсіздік шаралары мен қозғалыс ережелерін түсіндіріп жатыр.
Астана қаласына баратын жол толықтай жабық.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына үндеу жасап, аса қажет болмаса, елді мекендерде қалуын, ұзақ сапарға шықпауды, сақтық шараларын қатаң сақтауды және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуді сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.