Қарағанды облысындағы Шет ,Жаңаарқа,Осакаров, Абай аудандарының кейбір ауылдарында ірі қараларға бөртпе шығып, сондай-ақ, дене қызуы көтеріліп, ауыра бастаған.
Абай ауданына қарасты Юбилейный ауылының Жон бөлімшесінің тұрғыны Елена Бунтовская да сиырларының осы кеселге шалдыққанын айтып отыр. Айтуынша қазір оның бір тайыншасы өліп қалған, енді екіншісі ауырып тұр. Тағы он шақты сиырының денесінде жара пайда болыпты.
"Біздің ауылда биылғы жылы үш үйдің малына ғана вакцина салды, яғни мал басы көптерге ғана екпе жұмыстарын жасады. Бізге ештеңе деп айтпады, егер екпе салу керек дегенде, өзіміз сатып алатын едік қой. Малдарға екпе салынбаған, бірақ базада егілген деп жазылып тұр", – деп қынжылады Жон ауылының тұрғыны Елена Бунтовская.
Ветеринар мамандарының мәліметінше бұл сырқат надулярлық дермотит деп аталады екен. 2016 жылы елімізде алғаш рет Атырауда кездескен. Ресейдің Астрахань облысынан Қазақстанға өткен екен. Аурудың негізгі қоздырғышы шыбын-шіркей.
Қарағанды облысында соңғы екі айда жаңбыр жиі жауып, шіркей әлі де көп.
Дегенмен мамандар былтырғы жылы тамызда бұл сырқаттың қазіргіден анағұрлым көп тіркелгенін айтады.
"Бұл ауруға қатысты өзіміз жорамал жасап отырмыз, ірі қараға егілген вакцинаның күші жетпей жатыр. Өйткені қазір шыбын-шіркей әлі қалың, бұрын шілдеде шіркей қалмайтын. Қосымша вакцина салып, малды емдеу керек, дегенмен ауру қатты өршіп жатқан жоқ ,сондықтан карантин мәселесі қаралмайды",– дейді облыстық ветеринарлық бақылау инспекциясының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.
Шенеуніктер Шет ауданына қарасты Ақой ауылында бес ірі қараның жұқпалы дерматиттен өлгенін растады. Ал өзге аудандарда кездескенімен, қосымша екпе салудың нәтижесінде жазылып кетіпті.
Қайырбек Тұрсынбеков "малым аурудан қырылды" деген тұрғындарға зертхана қорытындысы берілмей тұрып, нақты сол дерматиттен өлді деудің дұрыс еместігін айтады.
Мемлекеттен аурудың алдын алу шарасы үшін екпе жұмыстары тегін жасалады. Алайда, мал ауырған жағдайда оны емдеу үшін қосымша вакцинаны төрт түлік иесі өзі сатып алуы қажет екен.
Әзірге өңірде білінген кеселге қатысты карантин жарияланған жоқ. Тек ауырған малды өріске шығаруға және олардың сүті мен етін сатуға тыйым салынған.
Арайлым Еркебаева