"Құқық қорғау органдарына белсенді қарсылық көрсеткен адамдар ұсталды. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген автономия Парламентінің сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Сонымен бірге республика билігі сыртқы күштер "ақпараттарды бұрмалап" жатыр деп алаңдайды.
Бұған дейін хабарланғандай, демонстрация Конституцияға енгізілгелі жатқан түзетулерге қарсылық ретінде Нүкісте (Қарақалпақстанның астанасы) болды.
Наразылар Ташкент "Қарақалпақстанды егемендігінен (Суверенитет) айырмақшы" деп есептейді. Сонымен бірге тәуелсіз журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовты босатуды да сұрайды.
Заң жобасы Конституцияның 64-бабына 200-ден астам өзгертуді көздейді. Олардың ішінде Өзбекстан Президентінің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу туралы тармақ бар.
"Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы 25 маусымда парламенттік басылымдарда бүкілхалықтық талқылау үшін жарияланды. Парламенттің шешіміне сәйкес, жобаны талқылау 5 шілдеге дейін жалғасады, содан кейін оны референдумға шығарады.
Өзбекстан Конституциясы 1992 жылы 8 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданды. Өткен уақыт ішінде оған 15 рет түзетулер енгізілді.