Қарақат Әбден шалғайдағы ауыл мұғалімдеріне "ауыл коэффициентін" енгізуді ұсынды

1251

Депутаттың сөзінше, 25 пайыздық қосымша төлемді ала алмай жүргендер бар. 

Қарақат Әбден шалғайдағы ауыл мұғалімдеріне "ауыл коэффициентін" енгізуді ұсынды Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден елдімекендердегі мектеп мұғалімдеріне ауылдық коэффициент енгізу бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда жиырма бес пайызға көтерілгенін жеткізді.

"Аталған заңның арқасында ауыл мұғалімінің жағдайы түзелді, ауылдағы ұстаздардың қалаға көшкісі жоқ. (...) Бірақ осы заңда назардан тыс қалған бір мәселе бар. Ол тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі "қала" немесе "кент" статусына ие болған елді-мекен мұғалімдерінің жағдайы. Барлық критерий жағынан ауылдық елді-мекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдер заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем – "ауылдық коэфициентке" қол жеткізе алмай отыр. Яғни, олар тұратын елді-мекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде "қала" немесе "кент" болғанымен, іс жүзінде ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл", - деді Қарақат Әбден.

Ол Ұлытау облысын мысалға келтірді. 

"Жеңіс" ауылының мұғалімдері "ауылдық коэффициентті" алады. Ал, облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым, Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқан Қаражал мен Жайрем кентінің мұғалімдері аталған үстемақылардан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді тағы да басқа мүмкіндіктерден айырылған. Сол себепті де Жәйрем кентінің мұғалімдері көршілес ауылдарға жұмыс ауыстырады екен", - деп жалғастырды халық қалаулысы.

Қарақат Әбден әкімшілік мәртебесіне қарамастан, шалғайдағы елді-мекен мұғалімдері үшін "ауылдық коэффициентті" енгізуді сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу