ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ақпаратты нақтылады.
"Өлген құстардан құс тұмауына алынған патологиялық материалдар оң нәтиже көрсетті. Қаракөл көлі - жабайы құстардың ұшу жолында тұрақтайтын аумақтың бірі. Мұз құрсауынан Қазақстанның барлық аумағында тіршілік ететін аққулар табылды", - делінген хабарламада.
Шұғыл шараларды жүргізу және үй құстары арасында инфекцияның таралуына жол бермеу және қауіп төнген аймақтардағы барлық үй құсын вакцинациялау үшін республикалық қордан 18 644 доза вакцина бөлінді.
Сондай-ақ өңірге республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың мамандары жұмылдырылған.
Жергілікті атқарушы органдар құс тұмауы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында тұрғындар, шаруашылық субъектілердің ветеринарлары, аңшылар, қорықшылар және басқа да мүдделі тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Құс фабрикаларында ветеринариялық шаралар, оның ішінде жабайы және синантропты құстардың жем-суға қол жеткізуіне, жанасуға жол бермеуі күшейтілді.
Бүгінгі таңда республикада үй құстары арасында құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Айта кетейік, жалпы Қазақстан аумағында 2022 жылы құстардың жоғары патогенді тұмауына қарсы 14 930 180 бас үй құстарына вакцинация жүргізу жоспарланды. 12 айда 14 764 980 бас вакцинацияланып, жылдық жоспардың 99% орындалды. Үй құстарының арасында аурудың белгілері байқалмайды. Аумақтық инспекциялар эпизоотиялық жағдайды бақылауға алды.
Тасым Жаңай