Қаракөлге қалдық суды ағызуға қашан рұқсат берілді?

363

Салдары мен себептері қандай?

Қаракөлге қалдық суды ағызуға қашан рұқсат берілді? Фото: Үстірт қорығынан

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, Rixos Water World Aktau қонақ үйінің Қаракөл көліне қалдық суларды ағызу жобасы қалай қабылданғаны туралы мәлімет бар.

"2007 жылғы ҚР Экологиялық кодексінің 49-1-бабының 1-тармағына сәйкес "Aktau Tourism Ltd" ЖШС кәсіпорнына Ақтау қаласында "Aktau Resort Hotel" көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенінің құрылысына 2020 жылдың 12 мамырында ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысы берілген. Алайда қоршаған ортаға эмиссияларға экологиялық рұқсатты облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы берген болып шықты.

"Жер үсті су объектілеріне сарқынды суларды ағызуға экологиялық рұқсат 2020 жылғы 17 наурыздағы су ресурстары комитетінің "Жайық-Каспий су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы" РММ-ның хатына сәйкес, суды пайдалануға арналған арнайы рұқсаттың негізінде ҚР Су кодексінің 66-бабына сәйкес беріледі. Ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысына "Мемсараптама" РМК Батыс өңірі бойынша филиал басшысы қол қойды", - деп түсіндірді министрлікте.

Жұмыс жобасына сәйкес Қаракөл көліне өңделгеннен соң ағызылатын су тұщыту қондырғысы бар құрылыстар салу, механикалық және биологиялық тазартудан өткізетін тұрмыстық ағынды суларды тазартуға рұқсат етілген.

Қаракөл көлінде аққулар жаппай қырылғаннан кейін Маңғыстау облысының экология департаментінің мамандары 7 қаңтарда Aktau Tourism City Ltd құбырынан су сынамаларын алды.

"Талдау нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген концентрациялардың артуы анықталды. Ластаушы заттардың мөлшері мынадай: Fe (темір) – 0,78 мг/дм3, No2 (нитриттер) – 0,0610 мг/дм3, NO4 (тұз аммонийі) – 0,31 мг/дм3, өзге заттар – 87,84 мг/дм3, Cl (хлоридтер) – 982,64 мг/дм3", - деп атап өтті экология министрлігінде.

Айта кетейік, өңірлік экология департаменті Rixos-қа қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қонақ үй әкімшілігіне кәріз суының ластануы рұқсат етілген нормадан асып кеткені үшін айыппұл салынуы мүмкін.                                            

Маңғыстау облысында қазір 1179 өлген аққу тіркелді. Қаракөлден 1 110, Қарақия ауданының жағалауынан тағы 69 аққу табылды. Қаракөл көлінде аққулардың өлімі иммунитетінің төмендігіне байланысты жалғасуы мүмкін деп болжануда.

Бұл туралы Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев айтты.

"Өлген құстарды жою бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Бұрын құстарды қазылған шұңқырда өртеп жүрген едік. Қазір олар Атырау облысынан әкелінген арнайы машинаның көмегімен жойылып жатыр. Қырылған құстардың шамамен 95 пайызы балапандар, ал қалғандары иммунитеті төмен ересек аққулар. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, балапандар жергілікті климатқа бейімделе алмау салдарынан өледі.

Орнитологтар ассимиляцияға біраз уақыт кетеді деп болжайды. Сондай-ақ, жабайы құстарды тамақтандыруға болмайды. Олар көлге солтүстік өңірлерден келгенде өздеріне тамақ табуы тиіс", - деді Бердібек Мархабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу