Жамбыл облысында транзиттік автокөліктерге шабуыл жасап, тонаумен айналысқан қарақшылық топ құрықталды, деп хабарлады Хабар 24.kz
Олар мемлекеттік нөмірсіз "Фольксваген Гольф" автокөлігін мініп, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырған. Қарулы қарақшыларды қолға түсіру оңайға соққан жоқ. Күдіктілерді ұстау үшін полицейлер қару қолданып, тіпті қызметтік көлікпен соғып әрең құрықтады.
Баукеспелер мінген көлікте бетперде киген үш азамат отырған. Олар Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысының азаматтары болып шықты.
"Күдіктілер Мойынқұм ауданында Балхаш көліне жақын жерде қолға түсті. Олар полицейлерді көрген бойда қаша жөнелген. Тоқтату үшін қару қолдануға тура келді. Қазір барлығы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, – дейді облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.