Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданындағы Кутиха ауылында зейнеткерлердің үйіне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен үш адам ұсталды деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның бейсенбі күні таратқан хабарламасына сәйкес қарақшылар 85 және 88 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлердің үйіне кеш қарайғанда шабуыл жасаған. Ұрлықшылар үйге ас үйдің терезесі арқылы кіріп, бәкімен қорқытып, күш көрсетіп, ерлі-зайыптылардан ақша талап еткен.
Үйден ақша таппаған қаскүнемдер құрылыс құралдарын, төсек-жабдық пен азық-түлікті алып кеткен. Осылайша 200 мыңнан астам сомаға шығын әкелген.
Шұғыл-іздестіру шараларын жүргізу барысында полицейлер үш күдіктіні анықтап,ұстады. Олар Зырян ауданының 32, 33 және 36 жастағы бұрын сотталған тұрғындары болып шықты.
Ұрлықшылардан заттай айғақтар алынды. Күдіктілер айыбын толық мойындады.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Факті бойынша Қылмыстық кодекстің "Алдын ала сөз байласқан топтың қарақшылық жасауы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды.