Баянауылда былтырдан бері қарақұрттар пайда болып, көбейіп тұр. Бұл өте улы өрмекшінің адам денсаулығына тигізер зияны зор. Сондықтан жергілікті тұрғындар мен туристерге қауіп тудыруы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Далалы жерлерді мекендейтін улы өрмекшінің бұл түрі Торайғыр елді мекенінде көп кездеседі. Мұндағы көлдің жағасында демалу үшін туристер де жиі келеді. Сондықтан қарақұрттар санының күрт көбеюі кәдімгідей алаңдаушылық тудырып отыр.
Баянауыл аудандық әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері аумақта қарақұрттың 523 жұмыртқасы, 124 аналығы жиналып, жойылды. Бұл жұмыстармен ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкерлері, Жасыбай бөлімшесінің инспекторлары тұрақты түрде айналысып келеді. Торайғыр ауылдық әкімшілігі де өз аумақтарында қарақұрттың таралуына жол бермеу мақсатында жұмыстар өткізуге кірісіп жатыр.
"Сонымен қатар, тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әзірше адамдарды шағу фактісі тіркелген жоқ. Қарақұртты қолмен ұстауға болмайды. Табиғат аясында жабық аяқ киім киюге де кеңес береміз. Шағып алған жағдайда 2-3 минут ішінде шаққан жерді сіріңкемен күйдіріп, жедел жәрдем шақыру керек", - деп кеңес берді жергілікті билік өкілдері.
Қазіргі уақытта Торайғыр ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау мәселесі қаралып жатыр.
Еске сала кетейік, күні кеше Баянауылда қарақұрттар күрт қаптауы мүмкін екенін жазған едік. Соның дәлеліндей, төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылуда.