Карантин кезінде мұғалімдер мектепке шақырылған

1060

Кей жерде инфекциямен күрес науқаны кезінде мектеп мұғалімдерін санитарлық постқа тұрғызып қойған.

Карантин кезінде мұғалімдер мектепке шақырылған

Мұғалімдерді мектепке шақырып, міндетіне жатпайтын жұмыстарға жегіп қою үрдісі карантин кезінде де тоқтамапты. Маңғыстау облысында мұндай деректер орын алғанымен, дер кезінде анықталып, тәртіптік шаралар қолданып отырғандықтан бір де бір лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған.

"Кей жерде инфекциямен күрес науқаны кезінде мектеп мұғалімдерін санитарлық постқа тұрғызып қойған. Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес, әр мұғалімге үш күн сайын он екі сағаттан постта тұру міндеттеліпті. Әрі оларға ешқандай санитарлық құралдар да ұсынылмаған. Айта кетейік, мұндай жағдайлар тек Маңғыстау емес, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында да болған екен. Біз анықталған жайлармен жұмыс жүргіздік, одан бөлек, алдын алу жұмыстарын да тұрақты жүргізіп отырмыз, қандай да бір басшыны жауапкершілікке тарту дерегінің болмауы сондықтан", – дейді Маңғыстау облысы бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ.

Әлеуметтік желілер арқылы да арыз-шағымдар қабылданып отырғаны айтылды. Департаментке "сенім телефоны" арқылы хабарласқан Жаңаөзен қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымының қызметкері бастығының мұның құзырына жатпайтын жұмыстарға жиі жұмсап, мазасын алғанына арызданыпты. Мәселеге құзырлы мекеме өкілдері араласқаннан кейін оның шағымы қанағаттандырылған. Белгілі болғандай, осындай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда алдымен ескерту беріліп, бір жыл ішінде қайталанса 20-120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Маңғыстау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті осы жылдың бірінші жартыжылдығында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған жиырма білім беру ұйымына барып, профилактикалық бақылау өткізуді жоспарлаған. Алайда, жыл басынан бері тоғыз білім беру ұйымында профилактикалық бақылау, он мекемеде жоспар бойынша және екі мекемеде жеке тұлғаның арызы бойынша тексеру жүргізген департамент республика аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бұл жұмысты уақытша тоқтатып отыр.

Құралай Қуатова

Фото: 34.ua

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу