Карантин талабына көнгісі келмейтіндер әлі де көп

2144

Короновирустың екпіні күшейді, Қызылорда облысы қайтадан қызыл аймаққа енді.  

Карантин талабына көнгісі келмейтіндер әлі де көп

Індеттің алдын алу мақсатында жыл басынан бері облыста құрылған 45 мониторингтік топ 2000-ға тарта нысанды тексерген. Нәтижесінде 140-қа жуық заң бұзушылық анықталып, оларға 11 млн 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі.

Айыппұл арқалағандардың қатарында 6 лауазымды тұлға, 12 жеке кәсіпкер, 1 заңды тұлғамен қатар ағайынын жинап той-томалақ өткізген тұрғындар да бар. Карантин талаптарын бұзудың басым бөлігі облыс орталығында тіркелген. Одан кейін 28 дерекпен Қармақшы ауданы, 18 дерекпен Арал ауданы көш бастап тұр. Тіпті қалаға қарасты ауылдық округі әкімі де ережені елемеген. 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған ұжымдық жиында бетперде кимей, сақтық шараларын ескермегені үшін Қосшыңырау ауылдық округінің әкіміне 230 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде айыппұл салынған. Ал облыстағы мектептер 4-тоқсаннан бастап дәстүрлі форматқа ауысқанымен, мониторингтік топ өкілдері кейбірін  онлайн форматқа жабу үшін білім басқармасына өтініш берген. Өйткені білім ордаларында да санитарлық талаптар толықтай сақталып отырған жоқ.

"Шектеу шаралары, карантин талаптары еңбек ұжымдарының барлығында бірдей сақтала бермейді. Қармақшы ауданында орналасқан мектептен мерекелік  шарада бетперде режим сақталмағаны жөнінде 17 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі күні білім беру нысандарында 29 карантиндік талаптарды бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда 1-ші сыныпта шектік санын асырып оқушылардың болуы, бетперде режимі сақталмауы, 80 адамды жинап ұстаздар жиналысын өткізу, сондай-ақ азаңғы фильтрден өткізу сыныптардағы ылғалды тазалау жұмыстардың сапасыз өткізілуі сыңды санитариялық карантин талаптарын бұзушылықтар анықталып жауапты тұлғаларға әкімшілік айыппұлдар салынды", - деді облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Ал арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева: "1-ші сәуірден бастап мониторингтік топтар барлық мектептер, мектепке дейінгі білім беру орталықтарына мониторингтік шаралар жүргізіп жатыр. Олар күнделікті 7-8 нұсқама жолдап жатыр. Енді талапты бұзушылармен құзырлы органдар тиесілі шара қабылдамақшы", - дейді.

Ал Арал ауданында орналасқан мейрамхана иесі карантин талаптарын бірнеше рет бұзған. Бүгінде нысан иесінің ісі сотқа жолданған. Мұңдай дерек облыс орталығында да тіркеліп отыр. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қазалы ауданындағы Өрімтал балабақшасындағы жағдайға байланысты да түсінік берді. Естеріңізде болса, аталған бөбекжайда короновирус инфекциясын жұқтырған 9 жағдай тіркелді. Індет 4 тәрбиеші мен 5 балада анықталған. Балабақшадағы балбөбек тобы ғана карантинге жабылып, тәрбиешілер мен бүлдіршіндер оқшауланған.

Ал былтыр ғана пандемияны пайдаланып аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған Шиелі аудандық білім бөлімі басшысы мен оның қарамағындағы екі қызметкер қамауға алынып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде екен.

Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Руслан Ягмусовтың айтуынша, күдіктілер 340 млн теңгені қолды қылған.

"Былтырғы індетте мектеп оқушыларының жазғы лагерьлерге орналастыру, оларды ыстық тамақпен қамтамасыз етілді деген желеумен 340 миллионнан астам теңгені жымқыру дерегімен 3 адам тергеліп жатыр. Бүгінде Шиелі аудандық бөлім басшысы, сектор меңгерушісі мен есепшісі ұсталынды", - деді Р.Ягмусов.

Тергеу мүддесіне сай басқа ақпараттар кейін жария етілмейді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу