Карантиндегі адамдарды бақылау үшін мобильді қосымша жасалды

959

Әуе рейстерімен келетін адамдар зертханалық зерттеулер үшін 3 тәулікке дейін оқшауланады.

Карантиндегі адамдарды бақылау үшін мобильді қосымша жасалды

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова жаңа қабылдаған қаулысында шетелден келушілер үшін медициналық тексеру шаралары күшейтілетінін айтты.

"Қаулыға сәйкес, елімізге әуе рейстері арқылы келетін адамдар зертханалық зерттеулер үшін 3 тәулікке дейін оқшауланады. Зертханалық зерттеулер теріс нәтиже көрсеткен жағдайда, 14 тәулікке үй карантиніне алынады. Ал оң нәтиже көрсетер болса, ол адамдар инфекциялық стационарға жатқызылады. Бұл нормалар әуе рейстерінің ұшқыштарына, халықаралық тасымалдаушы автокөліктердің жүргізушілеріне және Қазақстан аумағына кіретін теміржолшыларға қатысты емес. Ол адамдар өздерінің негізгі тұрғылықты жерінде бақылауда болады", – деп айтып өтті бас санитарлық дәрігер.

"ЕАЭО және Өзбекстаннан автожол және теміржол көлігімен келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік үй карантиніне алынады. Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша, дипломаттар және олардың отбасы мүшелерін коронавирустық инфекцияға міндетті түрде тексеру туралы норма енгізілді. Тексеру кезінде теріс нәтиже көрсетсе, ол адамдар 13 күнге үй карантинінде болады. Карантин бүгінгі күні тараған індеттің алдын-алудың негізгі шарасы. Үй карантинінде отырған адамдардың денсаулығын бақылау үшін, олардың карантин режимін ұстанып отырғанына мониторинг жүргізу үшін денсаулық сақтау министрлігі мобильді қосымша жасады. Ол қосымша арқылы мониторинг жасауға болады" – деді Айжан Есмағамбетова. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу