"Қарапайым азаматтар" неге бассейнге бара алмайды?

520

Талдықорғандағы жүзу бассейнінің жұмысы туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қарапайым азаматтар" неге бассейнге бара алмайды?

Жабық жүзу бассейнінің директоры Мерей Сүйіновтің айтуынша, мекеменің басқару формасы "Су спорты түрлері бойынша облыстық мамандандырылған мектеп" КММ болып құрылғандықтан ересектерге ақылы қызмет көрсетуге заңдық құқығы жоқ екенін, ал абонементтік қызмет көрсету үшін басқару формасына өзгерту енгізу керектігін жеткізді. Сол сияқты қазіргі кезде бассейн санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес кешкі сағат 17.00-ге дейін ғана жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда спорттық мекеме өз жұмыс уақытын түнгі сағат 22.00-ге дейін ұзарта алады.

Облыс басшысы Амандық Баталов бассейн ең алдымен қарапайым халық үшін салынғанын айтты.

"Әрине, онда кәсіби спортшылар, балалар жаттығуға тиіс. Басқа қалалардағы спорттық командалардан да біздің 52 метрлік бассейнде жаттығуға сұраныстар түсіп жатқанын білемін. Бірақ спорттық нысан қала тұрғындарына да міндетті түрде қызмет көрсетуге тиіс. Бассейннің басқару құрылымын қалай өзгертесіңдер, абонемент арқылы қызмет көрсетуді қалай жолға қоясыңдар, осының бәрін жүйелеп, нақты ұсыныс әкелу үшін 10 күн уақыт беремін. Бірден айтайын, мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым саламын. Қарапайым халықпен қатар абонемент сатып алып барсын. Бассейнге арнайы гид штатын белгілеңдер. Ол ниет білдіргендерге барлық бассейн, фитнес залдарын аралатып, таныстыратын маман болуы керек. Әрине, бассейн жұмысында барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау ең басты назарда болуға тиіс, – деді Амандық Баталов.

Еске салсақ, бүгінгі күні жабық жүзу бассейнінде 21 жаттықтырушы 1126 баланы су спортының үш түрінен жаттықтыруда. Кезекте тағы 2 мыңнан астам бала тұр. Жаттықтырушылардың жұмысқа тартылуына қарай балалар іріктеуге кезек ретімен шақырылатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүзумен айналысуына арнайы уақыт белгіленген.

Осы жиын барысында Облыс әкімі А.Баталов "ҚазМұнайГаз" және "Самұрық Қазына" ұлттық компаниялары бірлесіп Талдықорған қаласына бір спорт кешенін салып беретінін жеткізді. Бұл қалалықтар үшін үлкен сый болмақ. Жиында болашақ спорт нысанының спорттың қай түріне арналатынын анықтау тапсырылды.  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу