Атырау қаласында учаскелік полиция инспекторы қарапайым шақырту кезінде есірткі қылмысын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, №12 полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Рашид Сейтеков қызмет барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Ол ішкі істер органдарында 21 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Полицейдің айтуынша, учаскелік инспектор үшін әрбір шақырту маңызды. Кей жағдайда тұрмыстық жанжал ретінде көрінген оқиға ауыр қылмыстың ашылуына себеп болуы мүмкін.
Сондай жағдайлардың бірінде Рашид Сейтеков күмән тудырған мән-жайларды байқап, жедел әрекет еткен. Нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан ағалы-інілі екі күдікті анықталып, ұсталды.
Арнайы іс-шаралар барысында олардан бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Полиция департаменті учаскелік инспекторлардың негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.