"Қарапайым стационар емес": ДСМ республикалық психиатриялық аурухананы тексереді

796

Бұл мекемеде ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады.  

"Қарапайым стационар емес": ДСМ республикалық психиатриялық аурухананы тексереді Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл туралы ведомство таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің ұсталуы жағдайларына қатысты шағымдар жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай әрбір өтінішті онда келтірілген фактілерді жан-жақты әрі объективті зерделеуге негіз ретінде қарастырады. Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аталған мекеменің қызметіне кешенді тексеру жүргізуді бастайды", – деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің болу жағдайларын, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін, сондай-ақ ем қабылдап жатқан азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді. Тексеруге өз құзыреті шегінде уәкілетті мемлекеттік органдар, оның ішінде прокуратура органдары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тартылады.

"Тексеру қорытындысы бойынша барлық келтірілген фактілерге объективті баға беріледі. Егер заң бұзушылықтар анықталатын болса, Министрлік заңнамаға сәйкес тиісті ден қою шараларын қабылдап, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады", – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл еліміздегі осы бейіндегі жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме екенін баса айтты. 

"Мұнда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған пациенттер ем қабылдайды. Бұл қарапайым стационар емес. Мекеме бір мезгілде екі маңызды міндетті орындайды: ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға мамандандырылған психиатриялық көмек көрсетеді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Мекемедегі пациенттердің 80%-дан астамы жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған. Аталған мекемеде ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады", – деп хабарлады министрлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу