"Қарапайым заттар" бағдарламасына "күріш өсіру" мен "лифт өндірісі" қосылды

1089

Жобаларды қаржыландыру сомасы 1 трлн теңгеге ұлғайтылды.

"Қарапайым заттар" бағдарламасына "күріш өсіру" мен "лифт өндірісі" қосылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментiнiң директоры Шыңғыс Ахметов төтенше жағдайдан кейін кәсіпкерлікті қолдау шаралары қалай жүзеге асатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, "Қарапайым заттар" бағдарламасына бөлінген қаражат көлемі қайта қаралып, көбейтілген. 

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының импортты алмастыруға бағытталғанын ескере отырып, оның салалық шектеулері сақталды. Дегенмен, қаржыландыруға жататын салалар тізбесі кеңейтілді. Мысалы,"күріш өсіру", "нан өндірісі, ұннан жаңа пісірілген кондитерлік өнімдер, торттар мен бәліштер өндірісі", "жол белгілері, жолға қоятын металл тосқауылдар, металл илегінен жасалған бұйымдар сияқты жеңіл металл конструкцияларының өндірісі", "көтергіш крандар өндірісі" , "лифт өндірісі" сияқты пунктер қосылды",  – деген Шыңғыс Ахметов бағдарлама аясында берілетін несиенің бір бөлігін мемлеке кепілдендіретінін де еске салды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен бағдарлама бойынша жобаларды қаржыландыру үшін жалпы несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге дейін артты. Бұл сомадан 700 млрд теңге агроөнеркəсіп кешені саласына өңдеу мен өндіруге, 300 млрд тенге өңдеуші өнеркəсіп пен қызмет көрсету саласына бағытталады. Сонымен бірге, 100 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарына жіберіледі. 

"Қарапайым заттар экономикасы" шеңберінде несиенің 5 млрд теңгеге дейін кепілдендіру мөлшері 30%-ды құрайды. Егер қаржыландыру сұранысы 3 млрд теңгеден аспайтын болса, кепілдендіру мөлшері 50%-ды құрайды. Бұл бағдарлама бойынша да несиенің пайыздық мөлшерлемесі нақты кәсіпкер үшін 6 пайыздан аспайды", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу