Есепке сәйкес, АҚШ доллары бойынша сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байланысты 2022 жылғы қарашада теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 458,62–468,90 теңге аралығында өзгеріп отырды.
"2022 жылғы қарашада квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін сатуы (500 млн АҚШ доллары) және Ұлттық қордан трансферттерді жүзеге асыру үшін аздап шетел валютасын конвертациялау (70 млн АҚШ доллары) валюта нарығындағы ұсынысқа қолдау көрсетті. Ұлттық Банктің валюталық интервенциялары жүргізілмеді" делінген ақпаратта.
Ұлттық банк мәліметінше, теңге – доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 19,2%-ға ұлғайып, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі ай ішінде 20,6%-ға өсіп, жылдық көрсеткіште 21,1%-ға төмендеді.
Сондай-ақ, халық тарапынан шетел валютасына сұраныс артты. 2022 жылғы қарашада шетел валютасын нетто-сатып алу 20,3%-ға өсіп, 223,5 млрд теңгені құрады.
"Бұл ретте жылдық мәндегі нетто-сатып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде АҚШ доллары мен Ресей рублін нетто-сатып алудың төмендеуі есебінен 48,2%-ға төмендеді" делінген ақпаратта.
Шығыстардың негізгі көлемі 91,6% немесе 204,6 млрд теңге – АҚШ долларын, 1,3% немесе 3,0 млрд теңге – Ресей рублін және 7,0% немесе 15,6 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды.
Қараша айында Ресей рубліне сұраныс ұсыныстан сәл асып түседі, ал айына рубльді нетто-сатып алу 2,3 есе (жыл ішінде 30,1) төмендеді.
Валюта түрлері бойынша бөлгенде АҚШ долларын нетто-сатып алу бір айда 24,2%-ға өсті (жылдық мәнде 30,8% төмендеген), еуроны нетто-сатып алу 14,6%-ға өсті (жылдық мәнде 3 есе азайған).