Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталып жатыр

640

Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді.    

Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталып жатыр Фото: egemen.kz

Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мұнай-газ саласындағы жаңа жобалар туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Мұнай-газ өндіру саласында Теңізде 2023 жылы сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады. Қашаған кен орнында қуаттылығы 1,1 млрд. текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Осыған қоса, өңдеу көлемі 8 млрд. текше метрге дейін газ өңдеу зауыттарын іске асыру жөніндегі тұжырымдама келісілуде. Батыс Қазақстан облысының газ өндеу зауытында қосымша 3 млрд. текше метр Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталуда", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, шетелдік инвесторлармен бірлесіп, ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленетін болады.

"Осы саладағы күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісім-шарттар заңнамаға енгізілді. Бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша 9 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесіндегі тиімсіз делдалдарды алып тастау бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

"Алдағы жылы Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі тар жерлерін жою жобасы аяқталады. Бұл құбырдың өткізу қабілетін жылына 72,5 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді",- деді премьер-министр.

Әлемдік өндірушілердің ТОП-10 құрамына кіретін қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін ірі мұнай-химия зауыты іске қосылды. Қуаттылығы 1,2 млн. тонна полиэтилен өндіру жобасы бойынша базалық жобалау басталды.

"2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын 9 миллион тоннаға дейін кеңейтуді базалық жобалау басталады. Битум өндірісі 300 мың тоннаға арттырылатын болады", - деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу