"Қарастырамыз", "қолға алуымыз керек". Дәурен Абаев депутаттар сауалына қалай жауап берді?

1866

Мәжілісте өткен үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа депутаттар бірнеше сауал қойды. Алайда министр тарапынан нақты жауаптар берілмеді.

"Қарастырамыз", "қолға алуымыз керек". Дәурен Абаев депутаттар сауалына қалай жауап берді?

"Кендірліні дамытуға дәлелді себеп бар. Онда туризм маусымын алты ай жүргізуге болады. Мамырдан бастап қарашаға дейін. Бұл жерде инфрақұрылым дамыса, Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін де шешуге болады. Инфрақұрылымды дамытуға кешенді жоспарыңыз бар ма? Енді екінші сұрақ. Бурабайда құтқарушы болып сегіз-ақ адам жұмыс істейді екен. Ал онда жазда 1 млн 200 мың адамға дейін турист келеді. Құтқарушыларда скутер жоқ. Ал қыста балықшыларды құтқаруға "снегоход" жоқ. Қауіпсіздік болмаған жерде туризмді қалай дамытамыз?", – деп сұрады депутат Айбек Паяев.

"Рақмет сұрағыңызға. Бұл жерде... Кендірліні жақсы білемін. Иә, алты-жеті айға дейін суы жылы болады. (...) Кендірлі бойынша және сіздің екінші сұрақ бойынша қарастырып, жобаларды ұсынып көрейік. Бурабайға қатысты әкімдікпен бірлесіп, іс-шаралар қабылдауға... қолымыздан келгенін жасаймыз. Скутер, катер бойынша... расында ол қауіпсізік мәселесі болғандықтан қолға алуымыз керек", – деп жауап берді Абаев.

"2021 жылы шілдеде халықпен кездесуге шыққанда Алматы облысы Алакөл жағалауындағы ауылдарда болдық, көлдің жағасын бекіту жұмыстарымен таныстық. Мердігер компания жұмыстар жыл мезгіліне қарамай үздіксіз жүргізілетінін айтқан. Білесіз, қыс жылы болды. Өкінішке қарай, аталмыш жағалауды нығайту жұмыстары тоқталған. Осыдан кейін биылғы жаздың туристік әлеуетін пайдалана алмай қалмаймыз ба? Министрліктен бақылау бар ма? Екінші сұрақ. Сарқан ауданы аумағындағы Балқаш көлі – туристік даму перспективалары жоғары аумақтың бірі. Алайда көлдің айналасындағы демалыс орындарында кәріз суын шығару, сумен қамту, тасжол сынды аса қажетті инфрақұрылым жоқ, нашар деңгейде. Осыған орай Балқаш көлі жағалауында ішкі туризмді дамытуды жоспарлап отырсыздар ма?", – деп сұрады депутат Әлия Әбсеметова.

"Сіз қойған сұрақ бойынша жазбаша түрде жауап берсек. Бірінші, екінші сұрағыңыз бойынша. Өйткені соңғы ақпаратты Алматы облысы әкімдігінен алуымыз керек. Тоқтап қалу себебін олар да бізге айтатын шығар. Бірақ біздің ақпарат бойынша, олар жұмысты бітірді, бәрі дұрыс деп айтылған сияқты болатын. Сіздің жұмыс жүргізілмей жатыр деп айтуыңыз бойынша... оны тексеруіміз керек", – дейді Абаев.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу