"Қатын қамал" үңгірі жайлы ел аузында бір аңыз оқиға бар. Атауы да сол жаугершілік заманда қыз-келіншектерді аман алып қалғандықтан қойылыпты.
Inbusiness.kz тілшісі жергілікті өлкетанушы, журналистермен тілдесіп, көп құпиясын ішіне бүккен тарихи үңгір туралы сұрап көрді.
2019 жылдың жаз айында арнайылап барып, үңгір ішіне кірдік. Алып тастың ішіне еніп, кіреберісте тасалап, Құран бағыштадық. Ары қарай беттеуге мүмкіндік болмады, үңгір іші қараңғы әрі ұзақ дегендіктен, "адасып қаламыз ба?" деп жүрексіндік. Ақүйік ауылынан алыстау орналасқанымен, жыл сайын дем алушылар жиі келеді.
Бұл – Қаратаудың аяқ тұсы. Осы маңайда екі өзен келіп түйіседі, содан да шығар, Ақүйік аталып кеткен. Осы өзеннің жоғары жағында биік жота бар. Құжыр жартастың биік қия беткейіндегі үңгір қысылтаяң кезде қырық қыз-келіншек жан сақтап пана етіпті. Жылап-сықтап, тау-тасқа өрмелеп, қиналып келе жатқанда жарықтық қарт Қаратау сол көз жасына етегі толған қырық қыз-келіншекті бауырына басып, ғайыптан тау басынан ойық пайда болып, киелі үңгірге айналыпты деседі. Бұл жер көктем айларында ерекше құлпырады, алабөтен көрінісімен көз арбайды, таудың ерке самалымен жібектей төгілген алқызыл қызғалдаққа толып тұрады. Қалай десек те, бұл тарихи мекенді көзбен көріп, өткенді сезіне білген жан ғана түсінеді деп ойлаймын, - дейді жаңақорғандық журналист Әлібек Жарықбаев.
Үңгір туралы көптеген дерек бар. Бірақ, бәрі аңыз ретінде ғана айтылады.
"Үңгірдің ішінің ауасы өкпе қысарлықтай емес, таза. Үңгір 12 қанат киіз үйдің ішіндей үлкен де жарық. Ішінде сәл ғана дауыстың өзі жаңғырып естіледі" деп жазылған "Жаңақорған" тарихнамасында.
Тарихшы, өлкетанушы Әлімжан Ержанов Қаратауда табиғи үңгірлермен қоса, жасанды үңгірлер де бар екенін айтады. Сондай-ақ, ол болашақта мұндай ерекше орындарды туристік орталық етуге болатынын жеткізді.
- "Қатын қамал" үңгірі – зерттеуге тұрарлықтай нысан. Қаратау тауларының біз жақтағы бөлігі биік емес, сондықтан адамдарға қауіпті ештеңесі жоқ.
Біздің өңір тарихи ескерткіштерге бай болғанымен, бүгінгі күнге дейін сол ескерткіштерге туристтік маршруттар әлі де жасалмаған. Алдағы уақытта туристік орындардың біріне айналады деп есептеймін. Иә, жол мәселесі қиын. Себебі, елдімекеннен және үлкен жолдан алшақ орналасқан.
Бүгінгі күнге дейін бірде-бір үңгір нақты археологиялық тұрғыда зерттелмегендіктен, олардың көбі есепке алынбай, мемлекет қорғауына енбей жүр. Табиғи үңгірмен қоса, Қаратауда жасанды үңгірлер де бар, олар – шахталық үңгірлер.
Жоғарыда айтқанымдай, "Қатын қамал" былай тұрсын, бізде осы күнге дейін кейбір тарихи объектілер де есепке алынбаған. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы Бірлік елдімекенінің батыс бетінде "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолынан 2 шақырым жерде орналасқан Балдыкент бекінісі осы күнге дейін қорғауға алынбай, ол ескерткіш жойылуға жақын жағдайда тұр.
Ал "Қатын қамал" аңыздан басқа нақты тарихи дерек болмағандықтан да қорғауға алынбаған болу керек, - дейді ол.
Әрине, үңгірдің құпиясы әлі көп. Ол үлкен зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Өлкетанушылар "Қаратаудағы мұндай ерекше орындарды жергілікті малшылардан артық ешкім білмейді" деген пікірді айтып отыр.