Каратэ-до бойынша өтетін ересектер арасындағы Азия чемпионатында 70 үздік спортшы ел намысын қорғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Каратэ-до бойынша өтетін ересектер арасындағы XIV Азия чемпионаты және кадеттер мен жастар арасындағы XVI Азия чемпионатына арналған брифингте мәлім болды, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Азия біріншілігі елімізде тұңғыш рет өтетінін атап өткен жөн. Бұған дейін Малайзия, Сингапур, Жапония мен Қытай сынды алпауыт мемлекеттерде ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, бұл континенттік чемпионатта рейтингтік ұпайлар беріледі. Яғни, Токио-2020 олимпиада ойындарына спортшылардың ұпай жинауға мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар, каратэ-додан Қазақстанның Ұлттық құрамасынан әлем және Азия чемпиондары мен жүлдегерлерінен құралған 70 үздік спортшы ел намысын қорғайтын болады. Олардың арасында кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионы, Азия ойындарының чемпионы және үш дүркін Азия чемпионы Ринат Сағындықов бар. Оның жалпы ұпай саны – 1215. Ол 67 келі салмақта өз шеберлігін көрсетпек.
"Қазақстан" РТРК АҚ құрамына кіретін "Kazsport" телеарнасы 13-16 шілде аралығында өтетін жарысты жан-жақты насихаттауға атсалысады. Жаңалықтар қызметі арнайы сюжеттер әзірлейді.
Айта кетсек, Астанада "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында каратэ-до олимпиадалық спорт түрі бойынша 13-16 шілде аралығында Азия чемпионаты өтеді. Бұл байрақты бәсекеге 30-дан аса елдің 700-ден астам үздік спортшылары бақ сынасады деп жоспарланып отыр. Ақпарат көзі: