Каратэден әлемдік лицензиялық жарысқа кімдер қатысады?

822

Каратэден Қазақстан командасы 11-13 маусым күндері Парижде өтетін соңғы лицензиялық турнирге дайындалуда. Жақында Лиссабоннан оралған команда мүшелері толығымен жаттығу жұмыстарына кірісті. 

Каратэден әлемдік лицензиялық жарысқа кімдер қатысады?

Құраманың аға жаттықтырушы Дулат Құсбеков Портулагиядағы турнирді қорытындылап, Токио жолдамасына кімдердің таласатынын айтты деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.  

"Лиссабондағы премьер-лига турнирін біз үшін табысты аяқталды деп айта аламын. Бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралдық. Бұл жаман көрсеткіш емес. Оның үстіне, аталған турнирге әлем үздіктері түгел жиналды. Олимпиада қарсаңында қарсыластарымыздың әлеуетін білу біз үшін артық болмайтыны анық. Португалияда ерлер арасындағы жеңіл салмақта Қайсар Алпысбай топ жарды. Ол жартылай финалда өзінің командаласы Дархан Асаділовті жеңген болатын. Ұзақ үзілістен кейін қатарға оралған Дархан да бабына еніп келе жатыр. Естеріңізде болса, Асаділов қоржынымызға алғашқы және әзірге жалғыз жолдаманы салды. Дарханның да, команданың өзге мүшелерінің де дайындығы жақсы деңгейде. Каратэшілер арасында ең соңғы лицензиялық турнир тұр. Аталған бәсеке маусым айында Парижде өтеді. Біз әлемдік іріктеу турниріне қатысатын қыздар командасын және "ката" жаттығуы бойынша жолдамаға таласатын спортшыларды анықтап қойдық. Ал ерлер арасынан таңдау жасау қиындық туғызып тұр. Сол себепті, лицензиялық жарысқа аттанатын ерлер құрамын кейінірек жариялаймыз. Парижге әйелдер арасынан үш спортшыны апарамыз. Олар – Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Сабина Захарова (55 келі), Софья Берульцева (+68 келі). Жолдамаға ие болу үшін спортшылар алғашқы үштікке енуі керек", - дейді аға жаттықтырушы.

Айта кетелік, бұл күндері каратэден Қазақстан командасы "Ақ Бұлақ" олимпиадалық орталығында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу