Бүкіләлемдік каратэ федерациясының атқарушы комитеті онлайн режимде видеоконференция өткізді. Аталған жиынға Қазақстан каратэ федерациясының вице-президенті Жасталап Санауов та қатысты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Күн тәртібіндегі ең басты мәселе – биыл қараша айында Дубайда (БАӘ) өтеді деп жоспарланған әлем чемпионаты болатын. Әлемдегі қазіргі жағдайды ескерген комитет мүшелері әлем біріншілігін келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады.
"Бұл жағдай бәрімізді алаңдатқан болатын. Біз бұл қадамға жанкүйерлермен спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасу ету үшін бардық. Оның үстіне, ұзақ уақыттан бері жарысқа қатыспаған спортшылардың жарақат алу қаупі жоғары. Биылғы әлем біріншілігінде олимпиадаға ұпай таратылмайды, сол себепті, жарыстың 2021 жылға қалғанын өте дұрыс шешім деп айта аламын. Спортшылардың денсаулығын қатерге тікпеген жөн", – дейді Атқарушы комитет мүшесі Жасталап Санауов.
Осылайша, биылғы әлем чемпионаты 2021 жылға, жастар арасындағы әлемдік сын 2022 жылға ауыстырылды.